2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына санаулы күндер қалды. Қазақстан құрамасының жарысқа қатысатын спортшылары белгілі болды. Тізімнің ішінде осы күнге дейін жеңіс...

2025 жылға дейінгі Азия ойындарында жүлделі оралған спортшылар

2025 жылға дейінгі Азия ойындарында жүлделі оралған спортшылар

2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына санаулы күндер қалды. Қазақстан құрамасының жарысқа қатысатын спортшылары белгілі болды. Тізімнің ішінде осы күнге дейін жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар бар ма? Толығырақ Olympic.kz материалында.

2025 жылғя Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Додаға Қазақстан атынан 137 спортшы қатысады. Жарыс 7-14 ақпан аралығында өтеді деп жоспарланғанмен керлингтен жарыстар 3 ақпанда басталмақ.

Қазақстан құрамасы сноубордты санамағанда, 10 спорт түрінен бақ сынайды. Жарысқа аттанатын спортшылардың да тізімі жарияланды. Аталмыш тізімнің ішінде осыған дейін Азия ойындарында өнер көрсеткен спортшылар бар. Сондай-ақ, тек өнер көрсетіп қоймай жеңімпаз атанып, бірнеше жүлде иеленген атлеттер де кездеседі.

Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжғалиев Азия ойындарына осымен екінші мәрте қатысып отыр. Қазақстандық спортшы 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарында бақ сынаған. Ал 2017 жылы атлет жарақатына байланысты Саппородағы жарысты өткізіп алды.

"Соңғы рет мен Азия ойындарында 2011 жылы өнер көрсеттім. Сол кезде қола жүлдегер атандым. 2017 жылы жарақат алып, жарысты өткізіп алдым. Араға 14 жыл салып, бұл сайысқа қайта қатысу мүмкіндігіне ие болып отырмын. Міндетті түрде осы мүмкіндікті пайдаланамын. Азия үшін бұл жарыстар өте маңызды.

Кореялықтар мен қытай спортшылары Азия ойындарын, мысалы, Әлем кубогынан да жоғары қояды. Олар үшін бұл басты жарыстардың бірі. Ал біз әр қашықтықта бәсекеге түсе аламыз. 500 метрде мүмкіндігіміз көбірек, өйткені құрамамызда мықты спринтерлер көп. Өз күшімізді көрсетеміз деп ойлаймын.

Айта кетсем, Азия ойындарындағы шорт-трек жарысы – Олимпиада мен әлем чемпионатына тең деңгейдегі бәсеке. Әр бағдарламада бәсеке жоғары болады. Қарсыластарымыз әлем үздіктері болғанымен, біз барынша медаль үшін күресеміз"- дейді Абзал Әжғалиев.

Жалпы 2011 жылы шорт-тректен Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Фёдор Андреев жүлде үшін күрескен. Қазақстандықтар аралас эстафетада қола жүлде иеленген еді.

2025 жылғы тізіммен салыстырғанда әйелдер арасында 2011 жылы өнер көрсеткен спортшы жоқ. Алайда 2017 жылы жүлдегер атанған шорт-трекшілер баршылық. Соның ішінде Ольга Тихонова және Мадина Жанбусинова Саппорода өткен ойындарда аралас эстафетада қола жүлдеге ие болған.
Ерлер арасында Мерсаид Жақсыбаев және Әділ Ғалиахметов өнер көрсеткен. Алайда жүлдеге қол жеткізе алмады.

Мәнерлеп сырғанауға келер болсақ, құрама толықтай өзгерді. 2017 және 2025 жылдардағы салыстырмалы құрама ойыншылары көрсетілген: Денис Тен, Абзал Рахымғалиев, Айза Имамбек , Элизабет Тұрсынбаева.
2025 жылы жарысқа қатысады: Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Софья Самоделкина, Байсангур
Датиев, Гаухар Наурызова.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Азиядағы үздік құрамалардың бірі. Биылғы Азия ойындарында сөзсіз фавориттердің қатарына жатқызуға болады.
Жалпы Қазақстан ерлер құрамасы 1996, 1999, 2011 жылы және 2017 жылы өткен ойындарда жеңімпаз атанған. 2025 жылғы Азия ойындарына қатысушылардың ішінде Иван Степаненко, Дмитрий Гренц, Кириил Савицкий Саппорода өткен жарыста алтын медальға ие болған. Сондай-ақ, Роман Старченко, Евгенний Рымарев 2017 жылы тізімге енбесе де, 2011 жылы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, алтын медальға қол жеткізген.

Ал Қазақстан әйелдер құрамасы 2003, 2007, 2011 жылдары алтыннан алқа тақса, 2017 жылы Жапонияда қола жүлдені қанағат тұтқан. 2025 жылғы ұлттық құрама спортшыларына келсек. Соның ішінде Арина Щёколова, Мадина Тұрсынова, Малика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Татьяна Королёва 2017 жылы Саппорода өткен жарыста қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстанда өткен мультиспорттық шарада Татьяна Королёва ұлттық құрама сапында ойнады. Нәтижесінде алтын медальға ие болған еді.

Биатлоннан ұлттық құраманың спортшылар тізімі біршама өзгеріске ұшырады. Дей тұрғанмен, Ольга Полторанина 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өткен ойындарда эстафетада алтын медаль иеленген спортшы. Сондай-ақ Дарья Климина 2017 жылы Жапонияда өткен ойындарда ел намысын қорғады. Ол жалпы есепте үш медальға қол жеткізді. 10 шақырым қашықтықта із кесу жарысынан және 12,5 шақырым қашықтықта масс-старттан қола жүлдеге ие болса, аралас эстафетада алтыннан алқа таққан еді.

Ал керлингтен 2017 жылы Саппородағы ойынға Қазақстан құрамасының атынан Абылайхан Жүзбай қатысқан болатын. Ол 2025 жылы да Харбинде өтетін жарысқа барады.

Шаңғы жарысынан 2017 жылы Жапонияда Дарья Ряжко және Ангелина Шурыга өнер көрсеткен. Алайда медальға қол жеткізе алмады. Қазіргі құрам: Надежда Степашкина, Дарья Ряжко, Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Мария Люфт, Ілияс Исабек, Наиль Башмаков, Ернар Нұрысбеков, Олжас Климин, Владислав Ковалев, Константин Борцов.

Жоғарыда атап көрсетілген спортшылардың барлығы 2025 жылға дейін жеңіс тұғырынан көріне білген, әрі жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар. Биылғы Қазақстан құрамасының спортшылары да осал емес. Барлығы Әлем кубогының және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қытайда бәсекелестік жоғары болары анық, алайда Қазақстан құрамасы барлық спорт түрінен медальға қол жеткізуге толықтай мүмкіндігі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0