Елордадағы "Қазанат" ипподромында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасын таныстырды, деп хабарлайды Ulysport.kz
Аталған пошта маркасы филателиялық өнер туындысы болып есептеледі. Маркада ежелгі дәстүрдің сақтаушысы «Бүркітші» бейнеленген. Ол табандылық пен өзіне деген адалдықты бейнелейді. Марканың орталық элементі – көшпенділер философиясында жүзеге асырылған өмірдің айналымы мен уақыт пен кеңістіктің бірлігін бейнелейтін гофрленген шеңбер көрсетілген. Пошта маркасына ДКО дирекциясының басшысы Наиль Нұров және «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова салтанатты түрде мөр қойды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, біздің дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен бірегей байланыс. Мерейтойлық пошта маркасын шығару – бұл біздің өткенімізге деген мақтаныштың және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымыздың символы. Бұл бастаманың адамдарды біріктіріп, көшпенді халықтардың мәдени дәстүрлерін сақтауға және дамытуға шабыттандыратынына сенеміз,- деді ДКО дирекциясының басшысы Наиль Нұров.
Қазір "Қазанат" ипподромында дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
Көшпенділер ойынына 95%-ға дайынбыз деп айта аламыз. "Қазанат" иподромында көкпар, бәйге ойындары осы алаңда өтеді. Дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей аттар да бұл жердің қырын, сырын білуі керек. Командалық есепте 1-орын алсақ деп мақсат қойып жатырмыз. Оқу-жаттығу жиындарын бастады,- дейді ДКО дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев.
Марка тиражы 5000 дана, номиналды құны – 500 теңгеге белгіленген.
Айта кетейік , 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық спортшы қатысады. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрі бойынша 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.